Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының 2019 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есебі жөніндегі ақпарат
Жалпы 2019 жылы облыстық бюджеттің параметрлері, нақтылаулар мен түзетулерді есепке алғанда, негізінде, орындалғанын атап өтіп, ондағы басты мәселелелерге тоқталатын болсақ:
Облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 2019 жылы орындалуы
Түркістан облысының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері орындалған.
Негізінен басты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсу қарқыны байқалған болса, бірқатар көрсеткіштер бойынша өткен кезеңдермен салыстырғанда төмендеу жағдайлары да орын алған.
Бұл ретте өткен жылдармен салыстырғандағы кему қарқыны байқалған негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өсу қарқынын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды атқару қажет деп есептейміз.
Жергілікті бюджетке түскен түсімдердің атқарылуы
2019 жылы облыстық бюджетке түскен түсімдер 780 510 224,2 мың теңгені құрады, 2018 жылмен салыстырғанда 267 915 113,8 мың теңгеге артқан.
Түсімдер бөлігінің жоспары 780 641 339,0 мың теңге болса, нақты 780 510 224,2 мың теңге түскен немесе жоспар 100 % орындалған. Оның ішінде (трансферттердің түсімдерін қоспағанда) 8 кіріс көзі бойынша жоспар асыра орындалған, 8 кіріс көзі бойынша жоспар орындалмаған, 10 кіріс көзі жоспарланбаса да түсімдер түскен. Трансферттер түсімі 100%-ға орындалған.
Бюджет кредиттерін өтеу сомаларының жоспары 2 305 825,0 мың теңгені құрап, 2 314 216,7 мың теңгеге немесе 100,4 % орындалған.
Қарыздар түсімі бойынша жоспар 15 576 566,0 мың теңгені құрап, 15 576 566,0 мың теңгеге немесе 100% орындалған.
Жалпы 2019 жылы республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер үлесі түсімдердің жалпы көлемінде 88,8% құраған немесе өткен жылмен салыстырғанда 0,19%-ға кеміген. Ал өзіндік кірістердің түсімдердегі үлесі 2018 жылы 5,8%-ын құраған болса, 2019 жылы 2,8%-ын құраған.
Бұл ретте республикалық бюджеттен берілетін трансферттерге тәуелділіктен арылу үшін, сонымен бірге облыстық бюджеттің түсімдерін арттыру мақсатында облыстық бюджеттің өзіндік кірістерін ұлғайту бойынша тиісті жұмыстарды жандандыру қажет деп есептейміз.
Жергілікті бюджет шығыстарының атқарылуын бағалау
2019 жылы облыстық бюджеттің жалпы шығыс бөлігінде қаралған 781 581 128,0 мың теңгенің 781 130 001,7 мың теңгесі игеріліп, жоспар 99,9% орындалған.
2018-2019 жылдары облыстық бюджеттің шығыстарының орындалу серпіні төмендеген, тиісінше игерілмеген қаржының көлемі 2018 жылмен салыстырғанда ұлғайған. 2019 жылы облыстық бюджеттің шығыстары бюджеттік қаражаттың үнемделуін, жергілікті атқарушы органның резервтерінің бөлінбеген қалдығын қоспағанда 91 873,3 мың теңгеге игерілмей, 2018 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артқан.
2019 жылы 28 бюджеттік бағдарлама әкімшісі тарапынан 228 бюджеттік бағдарлама іске асырылған. Алайда, жыл бойында бюджет қаржысының игерілуі төмен дәрежеде болғандығын атап өту қажет: 2019 жылдың І-тоқсанының қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы көлемі 564 603,9 мың теңге болса, ІІ-тоқсанының қорытындысы бойынша 1 009 904,6 мың теңге, ІІІ-тоқсанының қорытындысы бойынша 541 324,5 мың теңге, ал 2019 жылдың 1 желтоқсандағы жағдайы бойынша 10 142 783,4 мың теңгеге жоспар игерілмей қалған.
Жыл қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің шығыстары 99,99%-ға немесе түзетілген бюджет жоспарындағы 781 581 128,0 мың теңгенің 781 130 001,7 мың теңгесі игерілген. Атқарылмау сомасы 451 126,3 мың теңгені, оның ішінде бюджет қаражатының үнемделуі 329 253,0 мың теңгені, игерілмеген қаржылар 91 873,3 мың теңгені құраған. Облыстық жергілікті атқарушы органының резервтерінің бөлінбеген қалдығы 30 000,0 мың теңге.
Облыстық 28 бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің ішінде жыл соңына қаржының игерілмеуі 7 бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша орын алған.
Бұл ретте бюджеттің атқарылуы бойынша уәкілетті органдар тарапынан, бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан бюджеттік мониторингті күшейту қажет етіледі деп есептейміз.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша бюджетті нақтылау және түзету барысында енгізілген өзгерістер
2019 жылға арналған облыстық бюджет 2018 жылдың 12 желтоқсанында облыстық мәслихаттың №33/347-VІ шешімімен бекітіліп, жыл барысында 7-рет нақтыланған және 15-рет түзетілген.
Облыстық бюджеттің бекітілген шығындарын нақтылау және түзету барысында 210 345 291,0 мың теңгеге немесе 36,8 пайызға ұлғайған.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша бюджеттік қаржылар жыл бойы бірнеше рет ұлғайтылған немесе қысқартылған.
Оның ішінде 8 бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан есепті жылы ағымдағы бағдарламалар бойынша 38 752 231,0 мың теңгеге қаржы қысқартылған. Оның ішінде бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне тәуелді емес себептермен 33 134 659,0 мың теңге қысқартылған болса, субъективті себептермен 5 617 572,0 мың теңге қысқартылған.
Бұл ретте облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан бюджетті жоспарлау барысында қажетті шығындарды дұрыс әрі сапалы жоспарлауды бақылауға алу қажет деп есептейміз.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша дебиторлық және кредиторлық қарыздардың пайда болу себептерін талдау
Облыстық бюджет бойынша 2020 жылдың 1 қаңтардағы жағдайына дебиторлық берешек 33 275 360,1 мың теңгені, ал кредиторлық берешек 21 795 233,5 мың теңгені құраған.
2019 жылғы дебиторлық берешек 2018 жылмен салыстырғанда 8 714 207,3 мың теңгеге артқан болса, кредиторлық берешек 2 891 657,0 мың теңгеге кеміген.
2020 жылдың 1 қаңтарына қалыптасқан 33 275 360,1 мың теңге дебиторлық берешектің ішінде мерзімі өткен дебиторлық берешек 36 613,4 мың теңгені құраған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, мерзімі өткен дебиторлық берешек өсімі орын алмаған.
Бұл ретте жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің кредиторлық және дебиторлық берешектер көлемін төмендету бойынша жүйелі іс-шаралардың атқарылуы қажет етіледі.
Түркістан облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының іске асырылуын бағалау
Түркістан облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасында 2019 жылы іске асыруға 87 нысаналы индикаторлар қарастырылған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 68 нысаналы индикаторларға нақты қол жеткізілген, 15-нің есеп беретін мерзімі келмеген, 1 индикаторға қол жеткізілмесе, 3-і бойынша статистикалық дерекқор жүргізілмеген.
Атап айтқанда: «Жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдердің өсуі» индикаторының мақсатты мәні 100,0%. 2018 жылмен салыстырғанда түсімдердің өсім қарқыны 95,1% құрап (немесе 4,9% төмен), жылдық жоспарға қол жеткізілмеді.
2019 жылға бағдарламаны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарында 173 іс-шара қарастырылып, толығымен орындалған.
Түркістан облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының нәтижелілігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстардың жандандырылуы қажет етіледі.
Бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуы
2019 жылы инвестициялық жобаларды іске асыруға жыл басында 80 808 838,0 мың теңге қаралып, жыл соңында 137 202 592,0 мың теңгені құраған немесе бюджет жыл басынан 69,8%-ға ұлғайған.
2019 жылы барлығы 568 бюджеттік инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланған (436 –құрылыс, 132-ЖСҚ). Жалпы 568 бюджеттік инвестициялық жобаның 400-і нақты пайдалануға берілген, 164-і 2020 жылға өтпелі. 4 жоба пайдалануға берілмей, тікелей және түпкілікті нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген.
Есепті жылы бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша қаржылар 28 907 410,0 мың теңгеге қысқартылған, оның ішінде бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне тәуелді емес себептермен 16 277 806,0 мың теңге. Ал, субъективті себептермен 12 629 604,0 мың теңге қысқартылған.
Бұл ретте облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан шығындарды жоспарлау барысында бастапқы бекітілген бюджетте керекті қаржының көлемін дұрыстап ескеріп, жан-жақты талдау жүргізіп, бюджеттің жиі ұлғайтылуына немесе қысқартылуына жол берілмеуін бақылауға алу қажет деп есептейміз.
- Бюджеттік инвестициялық жобалардың уақтылы аяқталуын және пайдалануға берілуі
2019 жылы жалпы 436 құрылыс нысандарының іске асырылуы жоспарланған. Оның ішінде 274-і пайдалануға берілуі тиіс болса, ал 162-і 2020 жылға өтпелі нысандар. Нақты пайдалануға берілгені 270 нысан, 4 нысаны субъективті себептерге байланысты пайдалануға берілмеген болса, 18 нысан мерзімінен кешіктіріліп берілген.
Жалпы құрылыс нысандарының уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету үшін уақтылы тиісті іс-шараларды атқару қажет деп есептейміз.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бағалау
2019 жылы облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша іске асырылған 228 бюджеттік бағдарламалардың 211-і бойынша нәтижелерге қол жеткізілген, 17 бюджеттік бағдарлама бойынша нәтижелерге қол жеткізілмеген.
Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 28 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің ішінде 20 бюджеттік бағдарлама әкімшісі бойынша күтілетін нәтижелерге толық қол жеткізілген, 8 бюджеттік бағдарлама әкімшісі бойынша күтілетін нәтижелерге толық қол жеткізілмеген.
Жалпы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларында көзделген жоспарлық нәтиже көрсеткіштеріне толыққанды қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі іс-шараларды атқаруды қажет етеді.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінің және активтерді пайдалану тиімділігі
Қаржы–шаруашылық нәтижелері бойынша жедел есептерге сәйкес 55 квазимемлекеттік сектор субъектілері 2019 жылды, оның ішінде 36 ұйым табыспен (жалпы санынан 65,5%-ы), 16 ұйым нөлдік қаржылық нәтижемен (29,1%-ы), 2 ұйым шығынмен аяқтаған (3,6%-ы).
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінен дивидендтер түсімдері және аударымдары өткен жылмен салыстырғанда жалпы 117 491,7 мың теңгеге немесе 43,1% төмендеген.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бөлінген қаражатты уақтылы игермеу практикасы сақталуда, олардың негізгі бөлігі тиімсіз жоспарлау себебінен қалыптасып отыр.
«Оңтүстік Энергосервис» МКК-мен жыл соңында 44 979,9 мың теңге, «Түркістан» ӘКК» АҚ-мен 2 315 793,1 мың теңге, «Turkistan» Арнайы экономикалық аймақтарды басқарушы компаниясы» АҚ-мен 233 460,1 мың теңге жыл соңына пайдаланылмай қалған.
Жыл қорытындысымен коммуналдық меншіктегі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің дебиторлық қарыздары 9 717 446,7 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 27,4%-ға артқан, ал кредиторлық қарыздары 8 858 797,0 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 29,4%-ға азайған.
Сондай-ақ, облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджет қаражаты есебінен жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінген қаржылардың нәтижеге жетуін қамтамасыз етіп, бюджет есебінен бөлінген қаржылардың квазимемлекеттік сектор субъектілерімен жыл соңында пайдаланылмаған қаржы қалдықтарына мониторинг жүргізуді тиісті уәкілетті органмен бақылауға алуды қажет етеді.
Ендігі кезекте Тексеру комиссиясының 2019 жылдың қорытындысы бойынша атқарған қызметінің негізгі нәтижелеріне тоқталып өтейін
Тексеру комисясымен жалпы 2019 жылы 20 аудиторлық іс-шара жүргізілген. Аудиторлық іс-шараның аясында 435 аудит объектісі қамтылып, аудитпен қамтылған қаржы көлемі 926 238 281,2 мың теңгені құраған. Анықталған бұзушылықтардың сомасы барлығы 48 840 042,4 мың теңгені құраған, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 39 313 666,5 мың теңгені, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты 9 078 223,7 мың теңгені, тиімсіз жоспарлау 448 152,2 мың теңгені құрады.
Жалпы қалпына келтірілуі және өтелуі тиіс қаржы көлемі 39 313 666,5 мың теңге болса, оның ішінде 2020 жылдың 1 қаңтардағы жағдайына мерзімі келген қалпына келтірілуі және өтелуі тиіс қаржы көлемі 34 913 964,3 мың теңгені құрап, 100% орындалған.
Оның ішінде барлығы ақшалай қаражат түрінде өтелгені 53 854,3 мың теңге болса, есепке алу (құжаттарды сәйкестікке келтіру жолымен, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды жеткізу жолымен) бойынша қалпына келтірілген қаржы көлемі 34 860 110,0 мың теңгені құраған.
2020 жылдың 1 қаңтардағы жағдайына мерзімі келмеген өтеуге және қалпына келтіруге жататын 4 399 702,2 мың теңге сома қалдығының 2020 жылдың І-тоқсанында 1 949,4 мың теңгесі өтеліп, 159 689,9 мың теңгесі қалпына келтіріліп, жұмыстар жалғастырылуда.
2019 жылдың 12 айында тексеру комиссиясымен жүргізілген мемлекеттік аудит барысында және жолданған нұсқамалардың қорытындысы бойынша барлығы 464 лауазымдық тұлғалар, оның ішінде 355 лауазымдық тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке және 109 лауазымдық тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
2019 жылдың 12 айында сотқа және уәкілетті органдарға әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жалпы 255 материал жолданып, 213 материал бойынша 19 269,4 мың теңге айыппұл салынған, 5 материал бойынша ескерту түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылған, 25 материал бойынша айыппұл салуға мүмкіншілік болмаған, 12 материал уәкілетті органдардың қарауында болған.
2020 жылдың І-тоқсанында 2019 жыл соңында уәкілетті органның қарауында болған 12 материалдың 11 материалы бойынша сомасы 770,0 мың теңге айыппұл салынды.
2019 жылы құқық қорғау органдарына 4 материал жолданған.
Жалпы жоғарыда аталған 20 аудиторлық іс-шараның қорытындысымен мемлекеттік аудит объектілеріне барлығы 211 ұсыным және тапсырма (115 тапсырма мен 96 ұсыным) жолданған.
Оның ішінде мерзімі келгені 124 (60 ұсыным, 64 тапсырма) болса, нақты орындалғаны 128 ұсыным және тапсырма. (61 ұсыным, 67 тапсырма), яғни 4 ұсыным және тапсырма мерзімінен бұрын немесе 103,2% орындалған.
2020 жылдың І-тоқсанында мерзімі келген 57 ұсыным мен тапсырмалар орындалған (30 ұсыным, 27 тапсырма).
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 4-тармағының 24) тармақшасын іске асыру мақсатында, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы № 20-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген 1001. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметіне бағалау жүргізу бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандартына сәйкес, Есеп комитетімен 2019 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының қызметіне жүргізілген бағалау нәтижесімен Тексеру комиссиясының қызметіне «ТИІМДІ» (100,5 балл) деген жоғары баға берілді..