Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының 2022 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есебі жөніндегі мәлімет
2022 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы ақпарат
Тексеру комиссиясымен негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өткен жылдармен салыстырғандағы қарқынына жүргізілген талдау қорытындысы көрсеткендей, негізінен басты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсу қарқыны байқалған.
Өнеркәсіп
2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарында 866,6 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілген.
Облыстағы өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 49,1% үлесін құрайтын тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі 425,5 млрд. теңгені құрады.
Өңдеу өнеркәсібі (үлесі 43,6%) өнімінің нақты көлем индексі – 94,1%, немесе өнім көлемі 377,9 млрд. теңгені құрады.
Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда 52,7 млрд. теңгені немесе нақты көлем индексі – 89,1% құрады.
Сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда 10,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 102,8% құрады.
Инвестиция саласы. Облыс экономикасын дамытуға 739,5 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 108,6%-ды құрады.
Меншікті қаражаттарының үлесі 58,4% немесе 431,9 млрд. теңге, қарыз қаражаты 4,1% немесе 30,1 млрд. теңгені құрады.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың едәуір үлесі ғимараттар мен имараттар салу (77,2%) саласына келеді.
Құрылыс. Құрылыс жұмыстарының көлемі 350,9 млрд. теңгені, немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 104,6%-ды құрады.
Тұрғын үй құрылысын дамытуға 118,8 млрд. теңге инвестиция бағытталған, немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 92,9% құрады.
Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 864,1 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңіне 104,6% құрады.
Сыртқы сауда. 2022 жылдың қаңтар-қараша айында Түркістан облысының сыртқы сауда айналымының көлемі 537,5 млн. АҚШ долларын немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 105,6%-ды құрады.
Ауыл шарушылығы
2022 жылдың қорытындысымен Түркістан облысының ауыл,орман және балық шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы шығарылымы 1 036,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,7 пайызға орындалған.
Мал шаруашылығының жалпы өнімі – 396,9 млрд. теңге, өсімдік шаруашылығының жалпы өнімі – 632,8 млрд.теңге, ауыл шаруашылығы салаларындағы қызметтер – 1,2 млрд.теңге.
Сонымен қатар, облыс бойынша 2022 жылы ірі қара мал- 1 035,2 мың бас, уақ мал -4 530 мың бас, жылқы- 385,3 мың бас, түйе- 36,8 мың бас, шошқа- 2,3 мың бас, құс- 1 885,7 мың басты құрады.
Бұл ретте, 2021 жылмен салыстырғанда ауылшаруашылығы малдары мен құстарының негізгі түрлерінің саны кемігенін байқаймыз.
Мәселен, ірі қара мал 94,4 мың басқа (2021 жылы 1 129,6 мың бас), уақ мал 247 мың басқа (2021 жылы 4777 мың бас), жылқы 4,6 мың басқа (2021 жылы 4,6 мың бас) шошқа 1,9 мың басқа (2021 жылы 4,2 мың бас), құстар 411,4 мың басқа кеміген.
Түркістан облысы халқының басым бөлігінің тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік –экономикалық тұрғыда дамуы, тұрғындардың әл-ауқатының деңгейі ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты екенін ескерсек, жоғарыда көрсетілген ауылшаруашылығының даму көрсеткіші халықтың тұрмыс деңгейінің нашарлауына септігін тигізуі мүмкін.
Бұл ретте, ауылшаруашылығы тауарларының тапшылығы өз кезегінде тұтыну тауарларымен азық-түлік бағасының қымбаттауына әсер ететіні сөзсіз.
Жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық
2022 жылғы ІІІ тоқсанда Халықаралық Еңбек Ұйымдарының (ХЕҰ) әдіснамасы бойынша Түркістан облысы бойынша анықталған жұмыссыздар саны 43,4 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі – 5,3% құрады. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 819,7 мың адамды, жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 416,8 мың адамды немесе 53,7% жалдамалы қызметкерлер, 323,1 мың адамды – дара кәсіпкерлер, 34,1 мың адам – тәуелсіз жұмыскерлерді, 2 мың адам – жеке практикамен айналысатындар және 0,3 мың адам – шаруашылық серіктестіктерінің құрылтайшылары (қатысушылары) және акционерлік қоғамдардың құрылтайшылары, акционерлері (қатысушылары), сондай-ақ өндірістік кооперативтердің мүшелері болып табылатын жеке тұлғалар құрады. Сонымен қатар жұмыссыздар ретінде жұмыспен қамту органдарында 2022 жылғы желтоқсанның соңында 15,1 мың адам ресми тіркелген.
Қоғамдық қауіпсіздік.
Статистикалық ақпараттарға сүйенсек 2022 жылы облыс бойынша 5 929) бірлік қылмыс тіркелген немесе 2021 жылмен салыстырғанда 87 бірлікке артқан (2021 жылғы жалпы тіркелген қылмыстар саны 5 842 бірлік).
Адамдарға қарсы қылмыстар- 451(қасақана кісі өлтіру- 37), меншікке қарсы қылмыстар- 3598 (ұрлық-1417), қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар-392 (бұзақылық-183), халықтың денсаулығымен адамгершілігіне қарсы қылмыстар — 405 (есірткіге байланысты қылмыстар-373), экономика саласындағы қылмыстар-33, көліктік қылмыстар- 413
Түркістан облысының қауіпсіз аймаққа және рухани тұрғыдан дамыған туризм ортылығына айналуы, сонымен қатар өмір сүру қолайлығын қамтамасыз үшін төменде көрсетілген кемшіліктерді жою маңызды және уақыт күттірмейтін мәселе.
Қоғамдық қауіпсіздік ахуалына талдау жасау барысында облысымызда жасалып жатқан қылмыстарды азайту мақсатында іс-шаралар тиісті деңгейінде жүргізілмегенін байқаймыз.
Қол жетімді инфрақұрылымдық жүйе
Түркістан облысының инфрақұрылымдық жүйелеріне талдау жасау барысында орталықтандырылған газ, ауыз су және кәріз жүйелеріне қол жетімділікті қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыру қажет екенін байқаймыз. 2022 жылы өңірімізде 2 025 296 адам орталықтандырылған ауыз суға қол жетімді болса, 93 767 адамға қол жетімсіз.
Кәріз жүйесі бойынша 312 973 адам қол жетімді болса, қол жетімсіз халық саны 1 806 090 адам болып қалыптасып, нашар көрсеткішке ие болды. Сонымен қатар 2022 жылы өңірімізде 1 557 919 адамға орталықтандырылған газбен жабдықтауға қолжетімді болып, 70,9 % құраса, 561 144 адамға қол жетімсіз күйде қалыптасқан.
Білім беру
2022 жылдың қорытындысы бойынша облысымызда 7 (жеті) бірлік апатты, 15 (он бес) бірлік үш ауысымды және 39 бірлік саманды және ыңғайластырылған мектептер қалыптасқан. Аталған мектептерде жалпы 26 133 оқушы білім алуда. Білім беру ошақтарының бұндай жәй-күйі, сапалы білім – сапалы адами капитал қағидасын бұзып отыр. Яғни облысымызда 21 830 оқушы апатты және үш ауысымды мектеп ғимаратында білім алып жатса, 4303 оқушы жүз жылдық тарихы бар, негізі ХХ ғасырда қаланған «Саманды» типтегі білім ошақтарында оқуға мәжбүр.
Демек, білім беру ұйымдарының жәй-күйі мен материалдық -техникалық базасының ахуалы(жағдайы) білім беру саласының бюджеттік бағдарлама әкімшісі тарапынан талдау (зерделеу) жұмыстары жүргізілмеген. Сонымен қатар, бюджеттік жоспарлау барысында бірінші кезекте басым бағытарға тиісті деңгейде мән берілмегенін байқаймыз. Нәтижесінде 2022 жылдың қорытындысымен апатты мектептер саны едәуір артқанын аңғаруға болады.
Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуында бір қатар басты проблемалық мәселелер бар. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктердің орнын толықтырып, өңіріміздің рухани тұрғыдан дамыған, қауіпсіз аймаққа айналған, өмір сүру деңгейінің сапалы әрі қолайлы, халқының әл-ауқаты деңгейінің жоғары өңірге айналдыру басты назарда болуы тиіс.
—Жергілікті бюджетке түскен түсімдердің атқарылуы
Түркістан облысының 2022 жылға арналған бюджеті Түркістан облыстық мәслихатының 2021жылғы 10 желтоқсандағы № 13/122-VII «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімімен бекітілген.
2022 жылы облыстық бюджет 5 рет нақтылануға және 13 рет түзетуге енгізілді.
2022 жылдың қорытындысы бойынша түсімдер бойынша – 1 298 265 835,8 мың теңгені немесе жоспардың 100%-ын, шығыстар бойынша – 1 300 572 299,5 мың теңгені немесе жоспардың 99,9%-ын құрады.
Түсімдер құрылымында ең үлкен үлес салмақты республикалық бюджеттен трансферттер – 71,6% (2021 жылы – 65,6 ), өзіндік кірістер – 5,2% (2021 жылы — 4,1 ), төмен тұрған бюджеттерден трансферттер – 17,7% (2021 жылы – 19,6 ), бюджеттік кредиттерді өтеу – 3,0% (2021 жылы – 1,9), қарыздар түсімі 2,5% (2021 жылы – 8,8) құрайды.
2022 жылы облыстық бюджетке түсетін салықтық түсімдер жоспары31 383 940,0 мың теңгеде бекітіліп, қаржы жылы ішінде енгізілген өзгерістерге сәйкес түзетілген бюджет 53 869 164,0 мың теңгені құраса, жыл қорытындысымен 55 115 863,1 мың теңгеге орындалған немесе түзетілген бюджеттің орындалуы 102,3% құраған. Салықтық түсімдердің негізгі көлемі жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтармен қамтамасыз етілген – 97,7 пайыз.
Салықтық түсімдер бойынша жоспар асыра орындалғанымен, 2 түсім түрлерінен жоспар 142 765,5 мың теңгеге орындалмаған.
2022 жылы облыстық бюджетке түсетін салықтық емес түсімдер жоспары 3 573 221,0 мың теңгеде бекітіліп, қаржы жылы ішінде енгізілген өзгерістерге сәйкес түзетілген бюджет 14 251 555,0 мың теңгені құраса, жыл қорытындысымен 12 394 833,4 мың теңгеге орындалған немесе жоспар 1 856 721,6 мың теңгеге орындалмады.
Салықтан тыс түсімдер бойынша 10 түсім түрінен жоспар асыра орындалса, 3 түсім түрі бойынша жоспар орындалмады.
2022 жылы негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер жоспары 5 323,0 мың теңгеде бекітіліп, қаржы жылы ішінде енгізілген өзгерістерге сәйкес түзетілген бюджет 50 000,0 мың теңгені құраса, жыл қорытындысымен 63 574,3 мың теңгеге орындалған немесе түзетілген бюджеттің орындалуы 127,1%-ды құраған.
2022 жылы трансферттер түсімі 995 226 313,0 мың теңгеде бекітіліп, жыл соңындағы түзетілген бюджеті 1 158 315 249,0 мың теңгені құрап, нақты 1 158 315 248,1 мың теңгеге толық және уақтылы орындалған.
— Жергілікті бюджет шығыстарының атқарылуын бағалау
Шығыстар бойынша облыстық бюджеттің бекітілген көлемі 1 095 942 390,0 мың теңгені құрады, оның ішінде шығындар – 1 042 238 942,0 мың теңге (95,1%),бюджеттік кредиттер – 3 487 447,0 мың теңге (0,3%), қарыздарды өтеу — 50 216 001,0 мың теңге (4,6%).
Облыстық бюджетте қаражаттың басым бөлігі білім беруге – 39,5%,тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 9,8%, басқаларға – 5,8%, ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары саласына – 4,1%, әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыруға – 3,4%, көлік және коммуникацияларға – 3,3%, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке – 2,9%, өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне – 2,1%, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметі – 1,8%, денсаулық сақтауға – 1,7% бағытталған.
2022 жылы облыстық бюджеттің шығыстары 99,9%-ға немесе түзетілген бюджет жоспарындағы 1 301 433 079,0 мың теңгенің 1 300 572 299,5 мың теңгесі игерілген. Атқарылмау сомасы 860 779,5 мың теңгені, оның ішінде бюджет қаражатының үнемделуі 224 682,6 мың теңгені (14 056,7 мың теңге мемлекеттік сатып алудан, 8 590,5 мың теңге жалақыдан бос орындар есебінен, 202 035,4 мың теңге басқада себептер), игерілмеген қаржылар 636 096,9 мың теңгені құраған.
2022 жылдың қорытындысы бойынша игерілмеген 636 096,9 мың теңге төмендегі себептерге байланысты қалыптасқан: тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) өнім берушілерінің шарттық міндеттемелерді орындалмағандықтан 351 873,5 мың теңге, өзгеде себептерге байланысты 104 481,4 мың теңге және Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы «Төменгі тұрған бюджеттерге берілетін нысаналы ағымдағы трансферттер» бюджеттік бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан жаңа бизнес идеяларды іске асыру гранттарына 200 (АЕК) берілетін кепілдендірілген трансферттер Отырар ауданына облыстық бюджеттің қолма-қол бақылау шотындағы қалдық болмауына байланысты 179 742,0 мың теңгесі игерілмеген.
Жыл соңында 29 бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің ішінде 5 бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша қаржы игерілмей, қомақты қаржының игерілмеуі қоғамдық денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, қоғамдық даму, цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары бойынша орын алған. Атап айтқанда:
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бойынша 282 347,5 мың теңге;
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бойынша 184 417,9 мың теңге;
Облыстың қоғамдық даму басқармасы бойынша 76 588,3 мың теңге;
Облыстың цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы бойынша 65 851,0 мың теңге;
Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бойынша 80 101,7 мың теңге;
-Дебиторлық және кредиторлық берешектерді талдау
Облыстық бюджет бойынша 2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдайына дебиторлық берешек 832 825,7мың теңгені, ал кредиторлық берешек 2 496 975,2 мың теңгені құраған.
Ал 2022 жылдың 1 қаңтардағы жағдайына дебиторлық берешек 956 240,3 теңгені, ал кредиторлық берешек 4 769 969,3 мың теңгені құраған.
2022 жылғы дебиторлық берешек 2021 жылмен салыстырғанда 123 414,6 мың теңгеге, кредиторлық берешек 2 272 994,1 мың теңгеге кеміген.
Дебиторлық берешектің ауқымды үлесі, яғни 96,6 %-ы (804 447,2 мың теңге) 5 облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшісіне тиесілі болып отыр.
Атап айтқанда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында — 32 840,8 мың теңге (3,9%), облыстық цифрландыру,мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасында – 12 454,3 мың теңге (1,5%), облыстық құрылыс басқармасында — 583 465,6 мың теңге (70,1%), облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында 175 686,5 мың теңге (21,1%).
Облыстық бюджеттің 2023 жылдың 1 қаңтарына қалыптасқан 2 496 975,2 мың теңге кредиторлық берешектің ауқымды үлесі, яғни 99,8%-ы 4 облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшісіне тиесілі.
Атап айтқанда, облыстық құрылыс басқармасы 1 147 220,5 мың теңге (45,9%), полиция департаменті 747 401,7 мың теңге (29,9%), облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы 585 018,9 мың теңге (23,5%), дене шынықтыру және спорт басқармасы 12 280,1 мың теңге (0,5%).
-Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының іске асырылуын бағалау
Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 128 нысаналы индикатор жоспарланып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 74 (61,2%) нысаналы индикаторға қол жеткізілген (4 ішінара орындалған), 20 индикатор бойынша статистикалық есептілік мерзімі келмеген, 27 индикаторға қол жеткізілмеген, 7 индикатор бойынша 2022 жылға жоспарланбаған яғни келесі жылға өтпелі. Атап айтқанда:
1-Бағыт «Өңір экономикасының өсуі»
Бағыт бойынша барлығы 40 индикатор, соның ішінде 15 орындалған,11 орындалмаған, мерзімі келмегені 13 және жоспарлы мәні келісілмегені 1.
2-Бағыт «Өмір сүруге ыңғайлы және қауіпсіз аймақ»
Бағыт бойынша барлығы 37 индикатор, соның ішінде 22 орындалған,11 орындалмаған, мерзімі келмегені 1 және жоспарлы мәні келісілмегені 3.
3 Бағыт «Өмірдің жаңа сапасын қамтамасыз ету»
Бағыт бойынша барлығы 51 индикатор, соның ішінде 37 орындалған, 5 орындалмаған, мерзімі келмегені 6 және жоспарлы мәні келісілмегені 3.
—Бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылу тиімділігін бағалау
2022 жылы инвестициялық жобаларды іске асыруға жыл басында 121 819 860,0 мың теңге қаралып, жыл соңында 213 386 063,0 мың теңгені құраған немесе бюджет жыл басынан 1,8 есе ұлғайған. Бұл ретте, республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферті есебінен 24,7% немесе 52 787 122,0 мың теңге, ішкі қарыздар есебінен 11% немесе 23 383 383,0 мың теңге, облыстық бюджет есебінен 7,7% немесе 16 365 688,0 мың теңге, субвенциялар есебінен 15,5% немесе 33 155 512,0 мың теңге, ҚР Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен 30,1% немесе 64 122 602,0 мың теңге және ҚР Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт есебінен 11% немесе 23 571 756,0 мың теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде, облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне 58,4% немесе 124 536 658,0 мың теңге және аудан/қала бюджеттеріне 41,6% немесе 88 849 405,0 мың теңге бөлінген.
2022 жылы барлығы 441 бюджеттік инвестициялық жобаның 96 нақты пайдалануға берілген, 345-і 2023 жылға өтпелі.
—Бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша бюджеттік қаржылардың пайдалану тиімділігін бағалау
2022 жылы облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша іске асырылған 220 бюджеттік бағдарламалардың 200-і бойынша нәтижелерге қол жеткізілген, 20 бюджеттік бағдарлама бойынша нәтижелерге қол жеткізілмеген. Тікелей және түпкі нәтижеге қол жеткізбеудің негізгі себептері мемлекеттік сатып алу конкурсының аяқталмауына байланысты, мердігермен келісім шарт талаптарын орындамауынан, атқарылатын жұмыстардың толық орындалмауынан және тауарлардың уақытылы жеткізілмеу есебінен орын алып отыр.
Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 29 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің ішінде 19 бюджеттік бағдарлама әкімшісі бойынша күтілетін нәтижелерге толық қол жеткізілген, 10 бюджеттік бағдарлама әкімшісі бойынша күтілетін нәтижелерге толық қол жеткізілмеген.
-Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінің және активтерді пайдалану тиімділігі
Қаржы–шаруашылық нәтижелері бойынша жедел есептерге сәйкес 60 квазимемлекеттік сектор субъектілері 2022 жылды, оның ішінде 54 ұйым табыспен (жалпы санынан 90%-ы), 4 ұйым нөлдік қаржылық нәтижемен (6,6%-ы), 2 ұйым шығынмен аяқтаған (3,3%-ы). ( облыстық инвестиция және экспорт басқармасына қарасты: «Turkistan» Арнайы экономикалық аймақтарды басқарушы компаниясы» АҚ, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бойынша «Оңтүстік энергосервис» ШЖҚ МКК).
Бұл ретте, облыстық инвестиция және экспорт басқармасына қарасты «Turkistan» арнайы экономикалық аймақтарды басқарушы компаниясы акционерлік қоғамы 2022 жылды – 143 581,0 мың теңгеге, ал «Оңтүстік Энергосервис» ШЖҚ МКК –49062,0 мың теңге шығынмен аяқтаған.
Тексеру комиссиясының 2022 жылдың қорытындысы бойынша атқарған қызметінің негізгі нәтижелері:
Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясымен 2022 жылға 26 аудиторлық іс-шара аяқталды. Аудиторлық іс-шараның шеңберінде 540 аудит объектісі қамтылып, мемлекеттік аудитпен қамтылған қаржы көлемі 989 601 264,3 мың теңгені құраған. Анықталған бұзушылықтардың сомасы барлығы 127 685 034,2 мың теңгені құраған, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 117 009 530,0 мың теңгені, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты 3 900 739,6 мың теңгені, (оның ішінде ықтимал шығындардың және жіберіп алған пайданың сомасы 322 018,3 мың теңге), тиімсіз жоспарланған қаржы 6 774 764,6 мың теңгені құрады.
Рәсімдік сипаттағы 1 380 бұзушылық анықталды.
Жалпы қалпына келтірілуі және өтелуі тиіс қаржы көлемі 117 009 530,0 мың теңге болса, оның ішінде 2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдайына мерзімі келген қалпына келтірілуі және өтелуі тиіс қаржы көлемі 36 499 556,1 мың теңгені құрап, нақты қалпына келтірілген және өтелген қаржы көлемі 36 499 556,1 мың теңгені құраған немесе есепті кезеңге 100,0% орындалған.
2022 жылы жүргізілген аудиторлық іс-шаралар аясында 2023 жылғы 1 тоқсандағы жағдайға қалпына келтірілуі және өтелуі тиіс қаржы көлемі 36 520 307,0 мың теңгені құрап, нақты қалпына келтірілген және өтелген қаржы көлемі 36 520 307,0 мың теңгені құраған немесе есепті кезеңге 100,0% орындалған. Өтеуге және қалпына келтіруге жататын сома қалдығы 80 489 223,0 мың теңгенің мерзімі келмеген.
Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысымен мемлекеттік аудит объектілеріне барлығы 167 тапсырма және ұсыным (131 тапсырма мен 36 ұсыным) жолданған.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижесі бойынша барлығы 631 лауазымдық тұлғалар, оның ішінде 447 лауазымдық тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке және 184 лауазымдық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғау органдарына 5 материал жолданған, 1 материал өндірісте, 2 материал қараусыз қалдырылған, 2 материал бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.